Нуритдин Мұхаметқалиұлы Атаханов 1905 жылы Өскемен қаласында дүниеге келді. Актер, Қазақстанның халық әртисі (1958). Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1924 - 1934 жылдары әділет органдарында қызмет атқарған. 1922 ж. сахналық жолын Өскемен қаласындағы қазақ-татар труппасының спектакльдеріне қатысудан бастады. 1930 - 1940 ж. Алматы, Қарқаралы, Қарағанды, Семей, Павлодардағы қазақ театрларында жұмыс істеген.
Атаханов сомдаған бейнелер ұлттық болуының айқындығымен, табиғи шынайылығымен ерекшеленеді. Ол Абай (М.Әуезовтің «Абай» трагедиясында, Кебек («Еңлік – Кебекте»), Казанцев («Түнгі сарында»), Құнанбай («Абай» бойынша), Амангелді (Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде»), Қодар, Қарабай, Науан, («Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқтысында»), Бекзад (Н.Хикметтің «Махаббат жайындағы аңызында») рөлдерінде орнады.
Атаханов режиссерлік жұмыспен айналысып, Әуезовтің «Айман – Шолпан» (1936) мен «Түнгі сарын» (1937), Мүсіреповтің «Амангелді», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» (1946) пьесаларын және Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларын қойған. 1958 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Атаханов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.