Облыстық кітапхананың тарихы Ертіс өңірінің мәдениеті, рухани өмірі, білім беру саласымен тығыз байланысты. Кітапхана тарихына еліміздің тарихы әсер етті: уездік қаланың тарихы, төңкеріліс, азаматтық соғыс, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, тоқырау жылдары, қайта құру, Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы.
Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұзақ даму жолынан өтті. Кітапхананың өмірнамасы 1892 жылдан басталады, 1-ші гильдиялық көпес Артем Иванович Деров пен басқа да жергілікті меценаттардың қаржысына, қалалық дума шешімімен «қалалық көпшілік кітапхана» ашылды. Қорды жинақтауға және кітапхананы жабдықтандыруға арналған қаржы қамқорлық кештерінде жиналды.
Кітапхана «Дворяндық жиналыс» ғимаратында №3 Мещанский көшесінде (қазіргі М. Исиналиев атындағы көше) орналасты. Ашылу кезінде кітапхана қызметінің ережелері жазылған Жарғы қабылданды. Онда «халыққа кітапхананың ішінде оқуға рұқсат етілмейтіндігі, кітаптарды үйге алып пайдалануға болатындығы» жазылған. Әдебиеттер дүйсенбіден бейсенбіге дейін сағат 14-00-ден 18-00-ге дейін берілді. Жазылу кезінде 3 сом кепілдік салынған, оны «кітапханаға таныс, сенімді тұлғамен» алмастыруға болатын. Осымен қоса кітапты пайдаланғаны үшін 60 тиын көлемінде төлемақы алынған. Тегін пайдалануға қала басқармасы куәлігі бойынша үш кластық училищенің кедей түлектері ғана құқылы болған.
«Путеводитель по Сибири за 1899 год» кітабында Павлодар қаласының алғашқы кітапханасының қорында 650 томда 536 атау шығармалар жинақталған деген мәлімет бар. Кітапхананы қолдану үшін ақы төленді, 70 – 80 оқырманы болды. 1897 жылы 69 ер адам, 9 әйел, ал 1900 жылы 48 ер адам мен 4 әйел кітапхананы пайдаланды.
1896 жылдан бастап кітапхана уездік атанды. Нағыз осы жылды кітапхананың құрылған уақыты деп санауға негіздеме бар. Уездік кітапхана қоры 5475 дана кітап пен журналдардан тұрды. Қалалық бюджет тапшылығынан кітапхананың жаңа кітаптарға деген сұранысын қамтамасыз ете алмады. Бірақ «оқу-тәрбие жұмысы» бойынша мақала шығындарына, жыл сайын мерзімді басылымдарға 100 сом бөлінді.
Павлодар уездік кітапханасының жаңа кезеңі 1920 жылы «РСФСР –де кітапхана ісін орталықтандыру туралы» декрет қабылданғаннан кейін басталды. Кітапхана бюджеттік қаржыландыруға ауыстырылды, осы жағдай кітапханаға өз қорын толықтыруға және 3500 дана қормен 10 жылжымалы кітапхананы жинақтауға мүмкіндік берді. Уездік кітапханадағы жылжымалы кітапханалар тұрғындардың сауатсыздығын жою мақсатында, білімді тарату үшін және «қызыл киіз үйге» оқырмандарды тарту үшін алыстағы ауылдарда пайдаланылды.
1929 жылы біздің кітапхана аймақтық, ал 1932 жылы аудандық атанды. 1938 жылы Павлодар облысының құрылуына байланысты кітапханаға облыстық кітапхана мәртебесі берілді.
30-шы жылдары қала халқы санының өсуіне байланысты стационарлы түрде қызмет көрсету, көрнекі түрдегі үгіттеу – плакаттар, көрмелер, фотомонтаждар белсенді дамыды, дауыстап оқу, әңгімелесу ұйымдастырылды, өздігінен білім беру үйірмелері қызмет көрсетті.
Ұлы Отан соғысы кезінде облыстық кітапхана бірнеше рет көшіп, қысқы уақытта отынсыз қалуға тура келді. Қажырлы еңбек арқасында небары төрт адамнан тұратын облыстық кітапхана ұжымы өз қорын толықтырды және сақтап қалды, оқырмандарға үйде қызмет көрсетуді оңалтты. Кітапханашылардың госпитальге алып барған кітаптары жаралыларға тез сауығуға әсер етті.
1948 жылы кітапханаға көпес Тумашевтің бұрынғы үйі бөлінді, ол ХХ ғасырдың басында салынды. Ескі бір қабатты үй архитектуралық ескерткіш болып табылады, бірақ ол бас кітапхананың тиісті дәрежеде жұмыс жасауына лайықты болмады, кітапхана мұнда 15 жыл бойы жұмыс істеді. Қазір осы ғимаратта облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімі орналасқан.
Жұмыс мазмұнының түпкілікті өзгеруі соғыстан кейінгі кезеңде, 1947 жылы Дмиртий Иосифович Буриловты директор етіп тағайындаған соң басталды. Оның басшылық еткен кезеңінде кітапханада алғашқы мамандандырылған арнайы буындар пайда болды. 1946 жылдан бастап «Мәдени-ағарту жұмысы бойынша аға әдіскер» лауазымы болды. «Бұйрықтар кітабындағы» жазулар бойынша: «кітап қоймасына бөгде адамдарға кіруге қатаң тыйым салынған», кітап қоймасы оқу залынан 1947 жылы жекеленді. Кейін дербес бөлім құруға қажеттілік туындады, ол бөлім кітап өңдеуге жауапты болды, 1951 жылы 31 тамыздағы бұйрықпен расталды. Облыстық кітапхана штаттында автомобиль – кітапхананың меңгерушісі лауазымы пайда болды, бұл қызметті көп жыл бойы Рахимбабин Слям атқарды. Ол жүргізушімен бірге кітапхана болмаған жерге жолға шықты. Кітапхана жоқ жерлерге бару үшін жылжымалы кітапхана жұмысына ГАЗ – 51 автокөлігі алынды.
1951 жылы ОӘҒК В.И. Ленин атындағы кітапхананың абонементіне айналып, 11 кітап алды.
1951 жылы кітапханаға алғашқы жоғары білімді мамандар жұмысқа тұрды: М.Н.Голубинская және М.И.Бубенцова. Кәсіпқой-кітапханашылар басшылығымен жеті адамнан тұратын топ, арнайы білімді талап ететін мәселер шешуге кірісті: жүйелік және алфавиттік каталогтарды құруға, ондық кітапханалық классификация бойынша қорды орналастыруға, есеп құжаттарын енгізу және т.б., Мәскеуден 1946 жылы алынған ұйымдастыру нұсқаулығы бойынша шегерілмейтін іс-шаралар тізбегі қабылданды.
1955 жылы әдістемелік жұмыс бөлімі ашылды. Халыққа кітап беріп жедел қызмет көрсету, кітапхана мамандарының уақытында ақпаратты игеруі, ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, 1957 жылы кітапханаға ақпараттық қызмет тобы бөлініп, анықтамалық - ақпараттық бөлім болып өзгертілді.
50 – ші жылдары Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарынан тың игерушілерге арналып кітаптар келе бастады. Кітапхана көптеген сирек кітаптарды иеленді.
1955 жылы аймақ әдебиетшілері: С.Музалевский, О.Кудышев, Н.Панов, В.Молотов, Г.Кочетков, А.Нұршаихов, В.Смирнов және т.б. өздерінің Павел Васильев атындағы әдеби бірлестігі одағын құрды. Әдеби бірлестіктің алғашқы отырысы облыстық кітапханада өтті. Оған ресейлік белгілі ақын Евгений Долматовский құрметті қонақ ретінде қатысты.
Кітапхана дамуының бір сатысы орталықтандырумен байланысты болды. Осы мақсатты орындау үшін 1975 жылы 24 маусымнан халық депутаттарының Павлодар облыстық кеңесінің сессиямен мемлекеттік көпшілік кітапханаларын орталықтандыру жоспары бекітілді. 1980 жылы 14 ОКЖ болып, құрамына 514 кітапхана біріктірілді.
70 – ші жылдары кітапханада мәдениет халық университеті ашылды. 1976 жылы осы университетті ұйымдастырғаны үшін облыстық кітапхана КСРО Мәдениет министрлігінің Дипломымен марапатталды.
Кітапхананың Қарулы күштермен серіктестігі 70 – ші жылдардың соңында бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. 1981 жылы облыстық кітапхана бастамасы КСРО Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы ОК – ның «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
1988 жылы облыс өмірінде үлкен қоғамдық дабыл болған ғылыми-практикалық конференция өтті. Тақырыбы: «Облыстағы қайта құру жағдайындағы кітапхана ісі дамуының өзекті мәселелері». Баяндама жасағандар: Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары В.А.Шершнева, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің кітапхана ісі бойынша бастығы И.Д.Мукосеева, «Библиотекарь» журналының тілшісі Л.Х.Ертуғанова, облыстық кітапхана директоры М.А.Жиенбаева және т.б.
1988 жылы Қазақ КСР мәдениет Министрлігінің бұйрығымен біріктіру бойынша республикада бірінші болып Павлодар облыстық әмбебап, жасөспірімдер және балалар кітапханасы бірігіп, өңірдің ең үлкен - облыстық біріккен әмбебап ғылыми кітапханасы болды.
Кітапхана мамандары бұрынғы директорлары - Т.Байдильдин, И.Д. Бурилов, С.Ф. Кирисова, Л.З. Шаманина, Л.С. Лямзина, Л.М. Грезина, М.А. Жиенбаева қалаған кітапхананың үздік дәстүрлерін сақтап келеді.
Кітапхана 1996 жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Павлодар облысының әкімі Д.Ахметовтың жеке өкімі бойынша кітапханаға саяси - ағарту үйінің ғимараты берілді. Сол жылы облыстық кітапханаға қазақтың танымал ақыны - Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілді.
2003 жылы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің шешімімен Павлодар қаласы инновациялық бағдарламаларды және жобаларды іске асырған үшін – «2003 жылы - Қазақстанның кітапханалық астанасы» болып танылды. «Жаңа кітапхана – жаңа ақпараттық қауымдастық үшін. Модельдік ауыл кітапханасы» атты республикалық конференция облыстық кітапханада өтті. Бұл конференцияда алғашқы рет, республикада бірінші болған – Орловка модельдік кітапханасы ұсынылды.
Қазіргі кезде С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы – Қазақстандағы ең үздік кітапханалардың бірі. Кітап қоры облыстағы ең ірі ғылыми, оқу, өлкетану, көркем әдебиет үлгілерін ұсынады. Жыл ішінде кітапханаға 22 мыңнан аса оқырман келеді және 685 мыңға жуық кітап пен журнал беріледі. Бүгінде кітапхана құрамында, әртүрлі кітапханалық бағытта жұмыс істейтін, ақпараттық-библиографиялық, мәдени-ағартушылық қызмет көрсететін 9 бөлім бар. Кітапхананың ары қарай дамуына халықаралық қорлар мен ұйымдардың байқауларындағы мағыналы жеңістерін айта аламыз, оларға «Аймақтың модельді кітапхана», «Интернет. Электронды пошта», «Жанашыр» жобасы жатады.
1993 жылдан бастап облыстық кітапханада негізгі кітапханалық үрдістер автоматтандырылды, электронды деректер базалары құрастырылуда, сандық түрге ауыстырылған өлкетану құжаттарының негізінде электронды кітапхана жасалуда, белсенді түрде радиожиілікті идентификация технологиясы енгізілуде. Кітапхана бөлімдері локальді желіге біріктірілген, автоматтандырылған жұмыс орындарымен жабдықталған, Wi-Fi аймақтары жасалған. Кітапхана Павлодар облысы кітапханаларының жиынтық өлкетану каталогын жасауда, бұл кітапханалық – библиографиялық қызмет көрсету сапасын жоғарылатуға септігін тигізеді.
Қазіргі заманғы С. Торайғыров атындағы ОБӘҒК – аймақтың орталық кітапханасы, бас кітап қоймасы, өлкетану құжаттарының депозитариі болып табылады. ОБӘҒК барлық ведомствалық кітапханалар қызметін үйлестіріп, облыстың тұрғындарын әдістемелік және ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз етеді.
______________________________________________________
Ақпарат көзі: www.pavlodarlibrary.kz