1936 ж. су жолы қызметі клубының жанында Затонда алғашқы қазақ – татар театры жұмысын бастады. Кейін әртістер Жұмысшылар клубына көшті, 1940 жылы осы жерде қалалық театр ашылды. Оның алғашқы басшылары - Н. Манашев және К. Сеитов. Театрдың алғашқы драма үйірмесіне әртістер мен әншілер, оның ішінде Алматы театр студиясының түлегі К. Тоқаев та болды. Соғысқа дейін қазақ театрында К. Хамзин, М. Каленов, Н. Батталов, Б. Асалбеков, Н. Балақанов, Камил және Халима Бековтар, Қ. Тайкенов, Ж. Такежанов, Е. Ищанов және т.б. өнер көрсетті.
1938 – 1948 жылдар аралығында Павлодарда қазақ драма труппасы табысты еңбек етті, труппа құрамында: әнші З. Рахимбаева, актриса Г.Ахметова, Қазақ КСР – ның халық әртісі атанған актер Н. Атаханов болды. Сол жылдары қойылымдарға танымал әртіс Б. Балабеков қатысатын.
Театр репертуарында «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», «Еңлік-Кебек», «Аманкелді», «Біржан сал» және т.б. спектакльдер болды.
1948 жылы труппа басшыларының Абай атындағы Семей театрына, басқа актерлердің астанаға кетуіне байланысты біріктірілген облыстық театрдың қазақ труппасы жабылды. Актерлердің бір бөлігі Павлодарда қалды (Бековтар, Тайкенов, Абдыкаримов және т.б.). 40 жылдан аса уақыт бойы Павлодарда қазақ театры жұмыс істемеді. Қайта құрудың жаңа мүмкіндіктеріне байланысты қазақ театрын қайта жаңғырту мәселесі көтерілді.
1990 жылдың наурызында Павлодар облисполкомы 1990 жылғы 1 сәуірден бастап облыстық қазақ музыкалық драма театрын ашу туралы шешім қабылдады. Театрдың алғашқы директоры болып Б.Т. Тапалшинов, бас режиссер және көркем жетекші болып ҚР өнер қайраткері және Қазақ КСР – ның Мемлекеттік сыйлығының иегері К. Тапенов тағайындалды.
1990 жылдың 7 желтоқсанында театр тратор жасаушылардың Мәдениет сарайында алғашқы театр маусымын бастады. 8 жыл бойы театрдың жеке ғимараты болмады, әкімшілік алғашқыда Исиналиев көшесіндегі (қазіргі қалалық сот) ғимаратта орналасты, кейін бұрынғы Саяси ағарту үйіне көшті.
Тек 1998 жылы ғана Металлургтар мәдениет үйінің бұрынғы ғимараты беріліп, театр сонда орналасты, қазіргі уақытта ғимарат жөндеуден өтті (2005-2006 жж.). «Жол картасы» аясында театр жанындағы саябақ 2009 жылы жабдықталған.
Алғашқы театралдық маусым М. Әуезовтың «Айман – Шолпан» пьесасы бойынша қойылған спектакльмен ашылды. Дәл осы спектакльге Р. Тажибаева, К. Байжуманов, М. Даулетбаева, А. Жукин, К. Турманбаев, Б. Нурбанова, Т. Жинаева, М. Айтмурзаев және т.б. қатысты.
Театр репертуарында классикалық қазақ драмасы мен операсымен қатар, орыс және шетел әдебиеті мен музыкасының туындылары бар. Олардың ішінде И. Кальманның «Сильва», Ф. Эрвенің «Мадемуазель Нитуш», А. Чеховтың «Чайка», Эврипидтың «Медея», И. Штраустың «Летучая мышь», В. Шекспирдің «Король Лир», А. Цигарелдің «Ханума» және т.б.
Театр екі рет Египетте өнер көрсетіп (1995 және 2008 жж.), Халықаралық ұлттық театрлар фестивалінің лауреаты атанды. Алдыңғы қатарлы актер, Павлодар қаласы әкімі сыйлығының иегері Б. Шаким Бішкек қаласында (Қырғызстан, 2001 ж.) Халықаралық ер адамдардың рөлдерін орындаушылар байқауында Гран-при ұтып алды. Танымал киноактер Н. Жантуриннің 80 жасқа толуына арналған XVI Республикалық театр фестивалінің нәтижесі бойынша Ақтау қаласында (2008 ж.) бірінші орынды Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры мен Н.Жантурин атындағы Ақтау облыстық қазақ музыкалық драма театры иеленді. Павлодарлықтар Эдуардо Де Филиппоның «Филумена Мартурано» пьесасы бойынша қойылған жаңа қойылымды көрсетті, басты рөлдерде ҚР еңбек сіңірген әртісі Р.Тәжібаева мен алдыңғы қатарлы актер С. Тажібаев ойнады.
Театр труппасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Ж. Чайкина, Р. Тажібаева, М. Манап, Ш. Байғабылова, сонымен қатар актерлер Т. Атамбеков, С. Бекболатов, С. Тажібаев, Б. Шаним, Д. Ұябай, Г. Қайырбекова, А. Жукин, Б. Құрбанова, Ж. Доспаев, Е. Абжалов, Е. Жанайхан, М. Байжұманов және т.б. жұмыс істеді.
Театр мерейтойына орай көрермендерін дәстүрлі және жаңа қойылымдарымен - «Алдар-Көсе», «Майра», «Кенехан», «Ақан сері - Ақтоқты», «Старшая сестра», «Поклонись порогу», «Құдалар», «Ох, уж эти молодожёны» және т.б. қуантты.
Соңғы жылдары театрдың алдыңғы қатарлы актерлері - Т. Атамбековаға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М. Байжуманға, Д.Ұябайға, Б.Шанимға Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» атақтары берілді. Театр директоры болып Б. Тапалшинов (1990-1997), С. Жапықбаев (1997-2005) қызмет етті. Ал 2005 - 2013 жылдар аралығында ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұхтар Манап (Манапов). 2014 жылдан бастап театр директоры - Мұхтар Байжуман. Жаңа театралдық сезон 2010 жылы И. Штраустың «Летучая мышь» опереттасы бойынша қойылыммен басталды.
Осы жылдары 70 – тен аса отандық және шетелдік авторлардың туындылары сахналанды. Театр ұжымы Мәскеу, Петербург, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған, Ақтау, Шымкент, Астана, Новосібір, Омбы, Талдықорған, Петропавл қалаларына барды. VII Халықаралық шығармашылық жас ұжымдар «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды, тәжірибелік театрлар Халықаралық театрлар фестивалінің аясында Каир қаласында өнер көрсетті. Әрбір маусым сайын театр ұжымы көрермендерін жаңа спектакльдермен қуантады.
Ақпарат көзі: «Культура и искусство Павлодарского Прииртышья: Люди. События. Факты./Авт.-сост. Э.Д.Соколкин. – Павлодар: Сытин, 2016. – 708 с.
Ақпарат көзі: «Культура и искусство Павлодарского Прииртышья: Люди. События. Факты./Авт.-сост. Э.Д.Соколкин. – Павлодар: Сытин, 2016. – 708 с.