ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, актер, режиссер А.К. Шанин Баянауыл ауданының қазіргі Южный ауылында 1905 жылы дүниеге келді. Атығай бала кезінен әкесінің айтқан жырларына, шешендік сөздеріне, ауыз әдебиетінің асыл да нәрлі нұсқаларына, халқымыздың інжу-маржандай нақыл сөздеріне ерекше зейін қойып ер жетеді.
Білім нәрін ауылынан бастаған ол оқуын әрі қарай Семейдегі ауыл шаруашылығы техникумында жалғастырады. Семейде оқыған жылдары ағасының режиссерлігімен «Ес-аймақ» драмалық группасы қойған спектакльдерді, соның ішінде Жұмат жазған «Арқалық батырды» да көреді. Бұдан соң Алматы театрының әртістері, оның ішінде Қ. Байсейітов, Қ. Жандарбеков сынды тарландармен танысуы оның бойындағы өнерге деген құштарлығын арттырады.
Бойдағы туа біткен талант пен асқақ арман жетелеген Атығай Мәскеу кинематография институтының режиссура факультетіне түсіп, екі курсын бітірген соң отбасы жағдайына байланысты кері қайтады. Елге оралған ол 1932-1934 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы жұмысшы жастар театрында актер әрі драматург, ал 1934-1938 жылдары Павлодар театрының көркемдік жетекшісі әрі газет қызметкері болып істейді. 1938-1943 жылдары Қарағанды драма театрында актер әрі екінші режиссер болып тағайындалып, театр сахнасында көптеген белді рөлдерде ойнап, бірқатар спектакльдерді сахналап, халықтың шынайы ықыласына бөленеді.
1943 жылдан бастап 1956 жылға дейін Қарқаралы колхоз-совхоз театрының режиссері болып қызмет атқарады. 1956 жылы театрдың жабылғанына қарамастан, мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі әрі драма үйірмесінің жетекшісі болып қызмет істейді.
Атығай Шанин басқарған жылдары халық театры сексеннен астам спектакльді сахналайды. Солардың ішінде «Қыз Жібек», «Тергеу аяқталды», «Қызыл сұңқарлар», «Шұға», «Біздің Ғани», «Өзіме де сол керек», «Айман-Шолпан», «Қамар сұлу» спектакльдері бар.
1967 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері деген құрметті атағы берілді, ән-би ансамблін ашуды қолға алады. 1969 жылы «Салтанат» ән-би ансамблі құрылады. 1970 жылы Қарағандының «Кеншілер» Мәдениет сарайында өткен облыстық байқауда «Салтанат» ансамблі бас жүлдені жеңіп алады.
1986 жылы қайтыс болып, Қарқаралыда жерленген. Халық алдында қалтықсыз қызмет атқарып келе жатқан Қарқаралы халық театрына 2003 жылы Қазақ КСР-ң еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Атығай Шаниннің есімі берілді.