Актер Сейітжан Тәжібаев 1950 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Новотроицкое ауылында туған. Алматыда Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген. Мамандығы - драмалық актер. Өнер жолын 1977-1989 жылдары Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық музыкалық драма театрында бастады. 1989-1990 жылдары Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық музыкалық драма театрының бас администраторы қызметтерін атқарды. С.Тәжібаев 1990 жылдан бері Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында жұмыс істейді.
Актер студент кезінен-ақ өнер ерекшілігі, шығармашылық дарынымен дараланып, бірден басты рөлдерді, атап айтқанда, Шекспирдің «Асауға тұсау» спектакліндегі Петручио, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Фархад сынды күрделі де көркемдік шоқтығы биік тұлғаларды сомдады.
Сахнада 35 жылдан астам уақыт өнер көрсеткен С.Тәжібаевтің актерлік шеберлігі кәсіби тұрғыдан әбден қалыптасты, театр репертуарынан берік орын алған көптеген қойылымдардың табысты болуына елеулі үлес қосты.
Соңғы жылдары «Қозы-Көрпеш - Баян сұлудағы» Қодар, «Ақан серідегі» Хауан хазірет, «Хан Кенедегі» Кене, «Отырар дастанындағы» Шыңғыс хан, «Қаракөз» спектаклінде Сырым, Нарша сынды қазақ тарихы мен әдебиетінен үлкен орын алатын, ұлттық сахна өнерінің бірегей қойылымдарындағы басты рөлдерде ойнап, әр бейнені тың, өзгеше сипатпен шынайы бейнелеген.
С.Тәжібаев Шыңғыс хан рөлі үшін республика театрларының фестивалінде «Ер адамның рөлін ең үздік бейнелегені үшін» номинациясын жеңіп алды. С.Тәжібаев пен жұбайы ҚР Еңбегі сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева С. Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» спектаклінде басты рөлдерде ойнады.
Сейітжан Тәжібаев 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.