Актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі, ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Арқалық қаласының Құрметті азаматы. 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Сарыөлең ауылында туған. Мәскеу қаласында 1972 жылы М. Щепкин атындағы Мәскеу жоғары театр училищесін бітірген. 1958 жылдан кеңшарда жұмысшы, жүргізуші болып жұмыс істеді. Өнер жолын 1972-1988 жылдары Торғай облыстык музыкалық драма театрынан бастады.
1988-1990 жылдары Жезқазған музыкалық драма театрында, 1990 жылдан бастап Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрында қызмет етті, 2005 жылдан бастап осы театрдың директоры.
М.С. Манапов үш театрдың сахнасында 100 рөлді сомдаған. Олардың ішінде (Қобыланды - «Қобыланды», комиссар Позднешев - «Между ливнями», Мұрат - «Қызым саған айтам», Назар Дума - «Свадьба в Малиновке», т.б.) ойнады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Сильва», «Қыз Жібек», «Күзеуде», «Айман-Шолпан», «Абылайханның ақырғы күндері» спектаклдерінде ойнаған.
«Абылайханның ақырғы күндері» спектаклінде Абылайханды сахналады. Ерекше диалог мен сөз өнерінің өрнегін терген бұл қойылымда М.Манапов көрермендерге өткен ғасырдан бүгінге келіп жатқан өмірдің шындығын, ескертпесін жеткізе білді. Көрерменді де таңдап кана тыңдататын ойлы, мағыналы диалогқа кұрылған «Абылайханның ақырғы күндері» театрдың соңғы жылдары табысқа жеткен койылымы деп саналады. 1991 жылы режиссер С. Таукелованың «Батыр Баян» фильмінде Қабанбай батыр рөлін сомдады.
Стамбул театрының (Турция) сахнасында, Мәскеу, Омбы, Ленинград, Тбилиси, Бішкек қалаларында және Қазақстанның барлық облыстарында гастрольде болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған (1975). М. Манапов есімі Қазақ КСР-нің Құрмет кітабына енген (1976).