Театр өнері. Кино

Режиссер, драматург, актер Әнуар Қалиұлы Қалиев 1931 жылы Павлодар қаласында туған. 1947 жылы қаладағы Абай атындағы қазақ орта мектебінің 9 сыныбын бітіріп, еңбек жолын қазақ театрында бастады. Оның өнер жолы 1947 жылдан 1949 жылға дейін осы театрда жалғасты. 1950 жылы Шымкент облыстық қазақ драма театрына актер болып қабылданды.

Театр сахнасында Ә. Қалиев «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Ревизор», «Аршин-Малалан» сияқты басқа да спектакльдерде ойнайды.

Еңбек жолын 1959 жылы Облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен қалалық Мәдениет үйінің директорлығынан бастайды. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көріне білген 1960-1961 жылдар аралығында алдымен облыстық концерттік-эстрадалық бюроның көркемдік жетекшісі, кейін облыстық халық шығармашылығы үйінің аға әдіскері етіп тағайындалды. Қызмет істей жүріп, жоғары, әрі арнайы мамандық алу мақсатында сырттай 1960 жылы Мәскеудегі Н.К. Крупская атындағы халық университетінің режиссура бөліміне түсіп, 1964 жылы бітіріп шығады.

1961 жылы Мәдениет басқармасының бұйрығымен Лебяжі аудандық халық театрының бас режиссері болып тағайындалды. 1963 жылы Баянауыл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. 1970 жылдан бастап, он жеті жыл бойы И. Байзақов атындағы облыстық филармонияның бас керкемдік жетекшісі болып қызмет атқарды.

Ә. Қалиев сценарист ретінде арнайы халық композиторлары Естай, Иса және Жаяу Мұсаның өмірі мен өнеріне арналған лекция - концерттер жазды. Аудандық, облыстық газеттердің штаттан тыс тілшісі ретінде көптеген мақалалар, очерктер мен әңгімелер жазды. Атап айтсақ, «Майраның шәкірті», «Әнші бақыты» және т.б. очерк - әңгімелер жазды. Өз өмірінде әдеби шығармашылықпен айналысқан драма, пьеса, интермедия мен скетчтер жазып қалдырды. Олар: «Сен жалғыз емессің», «Мунира», «Paxмет, тілші ағатай», «Мен кінәлі» пьсалары, «Сонда мен кіммін?», «Мүшелдік мереке», «Сені де жігіт дейді-ау», «Парызсыздың сыбағасы» сынды интермедиялары мен скетчтері бар. 1988 жылы Ә. Қалиев ҚР музыка қоғамы Павлодар облыстық бөлімшесінің терағасы болып сайланды.

Мәдениет пен өнер иесі, жерлесіміз Әнуар Қалиев режиссер, драматург әрі сценарист ретінде облыстың, жалпы республиканың мәдени өмірінде ұмытылмастай із қалдырды.