Театр өнері. Кино
 

Актер, режиссер, Қаз КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаев 1910 жылы 25 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. 1941 жылы Семей музыкалық драма театры жанындағы студияны (Л.В.Леонов-Вендровский жетекшілігімен) бітірді. Актерлік өнер жолын 30 жылдары Риддер жұмысшы жастар театрынан бастады. Алғашқы ойнаған рөлі - Е.Ерданаевтың комедиясындағы Малқамбай бейнесі болды.

Ж.Әбілтаев бұрынғы Семей облыстық музыкалық драма театры (1948-1955), Талдықорған көшпелі драма театры (1955-1960) және Қызылорда облыстық драма театрында актерлік әрі режиссерлік өнермен шұғылданды. 1965 жылдан бұрынғы Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының К.Маркс атындағы ұжымшарындағы халық театрының көркемдік жағын басқарды. Негізгі рөлдері қатарында Есен, Қараменде, Абыз (М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде»), Балуан, Жалмұқан, Жантық (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысы» мен «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында»), Мырқал (Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында»), Ыбырай Жақаев (О.Бодықовтың «Қайдасың әкесінде?»), Фурманов (Д.А.Фурмановтың «Бүліншілігі» бойынша), Степан (Н.В.Гоголь «Свадьба») т.б. бар.

Ж.Әбілтаев көбінесе өткір мінезді рөлдерде ойнаумен ерекше көзге түскен сахна шебері болатын. Ол режиссурамен де айналысып, Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы» мен «Ақан сері - Ақтоқты» және т.б. көптеген спектакльдерге де қатысып, рөлдерде ойнады: Әбіш (Б.Майлиннің «Шұғыласында»), Бекежан (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде»), Грициан (Б.Александровтың «Свадьба в Малиновке»).

Ж.Әбілтаев көбінесе бұрынғы Талдықорған облысында халық театрларының кең қанат жайып өркендеуіне мол еңбек сіңірді. 1996 жылы Мұқыр Мәдениет үйіне (бұрынғы Талдықорған облысы, Көксу ауданы) Ж. Әбілтаевтың есімі берілді.