Театр өнері. Кино
 

Айманов Шәкен Кенжетайұлы - актер, режиссер, КСРО халық әртісі. Болашақ актер 1914 жылы 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Ауыл мектебін бітіріп, Семейдегі педагогикалық техникумға окуға түскен. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. Ш. Айманов 1932-1933 жылғы маусымнан театрға жұмысқа қабылданды.

1947-1951 жылдары қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. «Абай әндері» (1945), «Жамбыл» (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953 - 1970 жылдары «Қазақ-фильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968). Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған «Атаманның ақыры» (1970) фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды.

Ш. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 - 1970) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты. 1970 жылы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады; Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласының көшесі (1972) және «Қазақфильм» студиясы (1984), Павлодар қаласында кинотеатр және көше Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған.