Суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, шебер. Полтава облысының Градижский ауданы Броварки ауылында дүниеге келді. 1953 жылы Бровар жеті жылдық мектебін бітірді. 1956 жылы Кременчуг қаласында қолөнер мектебіне түсті. Оқуды бітіргеннен кейін ол Донбасс шахтасының құрылысында жұмыс істеді. 1960 жылы, әскерде қызмет еткеннен кейін, комсомолдық жолдама бойынша Саратов облысына тың жерлерді игеруге барды. «Краснореченск» совхозының комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды.
1970 жылы Саратов көркемөнер училищесін бітірген. Осыдан өмірінің жаңа шығармашылық кезеңі басталады: ол Энгельс құрылыс трестінде суретші болып жұмыс істеді, «Строитель» Мәдениет үйін безендіруге қатысты. 1978 жылы Павлодар алюминий зауытына шақыру алып, жобалау – конструкциялау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. Шағармашылық топ құрамында «Металлург» МҮ жөндеуге қатысты. «Қазақстан Алюминий» АҚ құрылыс басқармасының суретші – конструкторы болып қызмет етті. Н.Ф. Залюбовскийдің басшылығымен ұжым бірегей жиһаз, табиғи материалдардан мүсіндер жасады, «Жасыбай» көліндегі «Кристалл» демалыс аймағын және т.б. жерлерді безендірді.
1999 жылдың наурыз айында Н.Ф. Залюбовский акварелі мен мүсіндерінің алғашқы жеке көрмесі өтті. Оның ашылуы қалалық және орталық баспасөз қызметінде аталып өтті. Көрме Павлодар облысының 65 жылдығына арналды. Оның туындылары Павлодар облыстық көркемсурет музейінің қорында, Украина, Ресей, Германия, Израиль елдеріндегі жеке топтамаларда сақталуда.
Жұмыстары монотипия, акварель техникаларында орындалған. Шығармашылығында ағаштан жасалған скульптуралық композициялар ерекше орын алады. Суретшінің сүйікті жанры – пейзаж. Павлодар облысында мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін дипломдармен және грамоталармен марапатталған.