Павлодар облысы Баянауыл ауданында 1889 жылы туған. Жабай Тоғандықов - қазақ әншісі, Қаз КСР-інің еңбек сіңірген әртісі (1945). Ата-анасынан ерте айрылған Жабай Тоғандықов жоқшылықты көп көреді. 1903 жылы Арқаның белгілі әншісі Қ.Байжановпен кездеседі, оның жанында жүріп әншілік өнерге ден қояды. Кейіннен Екібастұзда шахтада жұмыс істеп жүргенде 1916 жылы патша жарлығы бойынша әскерге алынып, қара жұмысқа тартылады. 1918 жылы Павлодар қаласына келіп Жұмат Шанин ұйымдастырған көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады. 1932 жылы Қарағанды облысының радиокомитетіне шақырылып, өмірінің соңына дейін сонда әнші солист кызметін атқарады. Өлең жазып, ән шығарады. Тоғандықовтың репертуарында 100-ден астам халық әндері мен халық композиторлары (Біржан, Ақан сері, Жаяу Мұса, Жарылғапберді, т.б.), сондай-ақ кейінгі қазақ композиторларының әндері болды. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.