Шәкен Рақышев 1935 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Ата-анасы ел сыйлаған өнерлі, еңбексүйгіш адамдар болған. Тоғызыншы сыныпта оқып жүріп, Алматыға өнер қуып келген Шәкен сол кездегі өмір қиыншылығымен оқи алмай әскерге шақырылады.
Еңбек жолын Шәкен Шөптікөл мектеп интернатында мұғалім болып бастайды. Ән, еңбек сабақтарын жүргізеді. Сол жерде домбырашылар үйірмесінің негізін қалаған; 1967 жылдары Павлодар мектеп-интернатында жұмыс істейді. Бұл мектепте домбыра оркестрін құрып, бірнеше дүркін лауреат, дипломант, облыстық, республикалық дәрежедегі атаққа ие болады. Алюминий зауыты мәдениет сарайында «Ертіс еркесі» атты жастар домбыра оркестрін құрған.
Сексенінші жылдары Ақтоғай ауданы 25 Октябрь селолық мәдениет үйінде қазақ фольклорлық ансамблін кұрып, халық ансамблі атағына ие болады. 1992 жылы «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігі жанында «Шалқыма» ұлт аспаптар ансамблін құрып, той мерекелерде халытың мерейін қандырып, өнерімен сусындырған.
Ш.Рақышев республикалық «Үкілі домбыра» байқауының жүлдегері. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ақан сері, Біржан-Сара, Жаяу Мұса, Иса, Майра, Естай ақындардың әндерінен алған үлгісі мол. Ансамбльге музыкалық аранжировкасын өзі жазды. Барлық аспаптарда шебер ойнады. Оның композиторлық өнері көпке танымал. Патриоттық сезімге толы, туған өлкесі жайлы «Баян әнім, Керекуім», «Екібастұз алтын аймағым» атты әндері бар.
Ш.Рақышевтың 1992 жылы әндер жинағы Павлодар қаласында басылып шықты. 1986 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының бетіне де жарияланды. Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылған әндері мен күйлері де эфирде шығып тарады.