Мария Мудряк Павлодарда дүниеге келді. Опера әншісі. 3 жасынан бастап Оқушылар сарайында вокалды үйрене бастады, осы жерде сахнада алғашқы рет өнер көрсетті. 5 жасында Павлодар қаласының №1 музыкалық мектебінің фортепияна бөліміне түсті. 2004 жылы 10 жасында Италияның Милан қаласында опералық вокалға үйрене бастады, қазіргі уақытта да Миланда тұрады. Италияда орта және жоғары білім алды. Милан консерваториясын тәмамдады (2012 ж.)
11 - 13 жас аралығында «Воче Бьянки» хорының құрамында «Ла-Скала» театрының бірнеше қойылымында өнер көрсетті. 12 жасында Қазақстан Республикасының «Болашак» Президенттік бағдарламасымен келісімшартқа отырып, «Scuola Musicale di Milano» жеке меншік мектебінде білім алды. Опералық ән сыныбында Ла-Скала Театр академиясының танымал опера әншілері сабақ берді - маэстро Карло Гайфа және маэстро Мария Бьянка Казони. Бір уақытта Дж. Верди атындағы Милан Мемлекеттік консерваториясына түсті. Қабылдау емтихандарында үздік көрсеткіштер көрсетіп, 14 жасында оқуға қабылданды. Опералық вокал сыныбын Деметрио Колачимен өтті. 18 жасында үздік диплом алды.
М.Френи, Л.Серра, К.Гайфа, М.Казони, К.Ваннини, П.Барбачини, Т. Фаббричини, М. Бэрти, А. Кончетти, В. Эспозито, Д. Тернер, Т.Хампсон сынды біртуар опера әншілерімен шеберлік – сыныбын өтті.
2015 жылдың қаңтарынан «Астана – Опера» театрының солисті болып табылады.