Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1947). Бала күнінде шешекпен ауырып екі көзінен айырылған. Жасынан ән салып, сырнай тартты. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, әсіресе, өзі туып өскен өлкенің Майра, Естай, Жарылғапберді сияқты әнші-ақындарының шығармашылығын жетік біліп, солардан ғибрат алып, өзі де ән шығарды. Әндерінің тақырыбы сан алуан. Туған жердің табиғат сұлулығына («Жетісу», «Кешкі Алматы», «Жаңаарқа»), еңбек адамдарының ерлік істеріне («Тракторшы қарындас», «Сауыншы жеңгей», «Жылқышы қыз», «Шаттанамын еңбектің ерлеріне», «Қызылшашылар маршы»), Отан қорғау тақырыбына («Жорық», «Аттаныс») арнаған туындылары бар. Халық арасына кең тараған әндерінің негізгі бір саласы – лирикалық әндер («Сағындырған сәулем-ай», «Күтем сені», «Сүйген сәулем Ақерке», «Ақ тотым», «Ақтамақ», «Айлы түнде», т.б.). Сондай-ақ, вальс жанрының («Жамбыл жастарының вальсі», «Қапшағай вальсі») дамуына да үлес қосты.