Мейрам Ермекбаев 1946 жылы Павлодар облысы Қашыр ауданы Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірісімен Октябрьдің 25 жылдық ауылында (қ. Әуелбек ауылы) сегіз жылдық мектепте ән-күйден сабақ беріп, мұғалімдік қызмет жасаған. 1969 жылы әскерге шақырылды. 1968 жылдан 1970 жылға дейін Алматының Киров атындағы машина жасау зауытында жұмыс істеген.
1973 жылы Шымкенттің әл-Фараби атындағы мәдени - ағарту институтын үздік бітірді. 1977-1980 жылдары Ақсу қаласындағы «Металлург» мәдениет сарайында директорлық қызметін атқарды. 1980-1989 жылдары Кенжекөл ауылындағы Павлодар аудандық мәдениет үйінің директоры. 1989-1994 жылдары Кенжекөл музыка мектебінің оқытушысы болды.
М. Ермекбаев сексенінші жылдары «Қарлығаш» ән-би ансамблін ұйымдастырды. 1994 жылы Павлодар педагогикалық институтта қызмет істеп жүріп, қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құрды. Оның «Ағайын», «Астана», «Ән саған арнадым», «Той жыры», «Қосылама басымыз», «Аңсадым әке», «Сағыныш», «Орта жас», «Кешір жан досым», «Студенттік күндер-ай», «Балдәурен», «Армансыз адам болмайды», «Мен ауылға барамын», «Жалт еткен бейне», «Ана жүрегі», «Басымның өткен бағымдай», «Жарқыраған алмастай» өлеңдері бар.
М. Ермекбаевтың баспадан шыққан кәсіби халық емшісі Үміт Сұбатыловаға арнаған «Апа» атты кітабы, «Өнерім-өнерім» монографиясы, «Күй маржаны» күйлер жинағы, «Домбыраға арналған жеңіл күйлер, пьесалар мен этюдтар» атты хрестоматиясы бар.
М. Ермекбаев Құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталған.