Музыка өнері
 

1877 жылы қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген.

Байжановтың әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында «әнші бала» атанған. Ата-анасынан ерте айрылып, жоқшылық көріп өскен. Он бесінде кірешілермен ілесіп Қоянды жәрмеңкесіне барған жас әнші талай әншілер мен күйшілердің өнерін тамашалайды. Біржан салдың ән салғанын көріп, Жаяу Мұсаның өз аузынан «Хау-лау», «Гауһар қыз», «Сапар» және «Ақ сиса» әнін үйренеді. Байжанов ұлы Абайдың алдында да ән салған. Кемеңгер ақын жас әншінің өнеріне риза болған. Байжановтың әншілік жолына бағыт-бағдар беріп баулыған, өзіндік ән айту мәнерін қалыптастырған Арқа еліне атағы жайылған Жарылғапберді Жұмабайұлы болды.

Байжанов Қозыкенің «Топайкөк», Шама Нұрұлының «Шама», Ақан серінің «Сырымбет», «Құлагер», Біржан салдың «Жанбота», Бүркітбайдың «Ақбет» әндерімен қоса «Ардақ», т.б. халық әндерін де асқан шеберлікпен орындаған. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды радиокомитетінде хор әртісі және әнші болып қызмет атқарды. Әншілер З. Жұбатова, Ж. Қартабаева, М. Ержанов, Ж. Елебеков, Қ. Лекеров, М. Толыбаев, Р. Ыбыраев, т.б. Байжановтың ән айту өнерінен көп тағылым алған.

1966 жылы Қарағанды қаласында дүние салды.