Музыка өнері
 

Әнші, актер, драматург, профессор, ҚазКСР - нің еңбек сіңірген халық әртісі Кәукен Кенжетаев 1916 жылы қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. 1936-1940 жылдары Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясында оқыды. 1950 жылы Алматы консерваториясының вокалдық факультетін бітірді.

1942-1946 жылдары Хабаровск шекарашылар ән-би ансамблінде қызмет етті. 1946 жылдан Алматы Опера және балет театрының әнші - солисі. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Ол Тарғын, Жалбыр, Бекежан, Семен (Е.Г. Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Қыз Жібегі» мен «Дударайында»), Жанбота (М. Төлебаевтың «Біржан-Сарасында»), Князь Игорь (А.П. Бородиннің «Князь Игорінде»), Руслан (М.И. Глинканың «Руслан мен Людмиласында»), Демон (А.Г. Рубинштейннің «Демонында»), Алеко (С.В. Рахманиновтың «Алекосында»), Эскамильо (Ж. Бизенің «Карменінде»), Аманосро (Д.Ж. Вердидің «Аидасында») т.б. партияларды орындап, әншілік, актерлік талантының әр қырынан көрінді. Кенжетаев режиссер ретінде Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Амангелді», С. Мұхамеджановтың «Айсұлу», Е. Рахмадиевтің «Алпамыс» т.б. операларды қойды.

К. Кенжетаев концерттік - орындаушылық өнерімен де танымал. Репертуарында қазактың халық әндерімен қатар орыс, украин, татар, өзбек халықтарының әндері, сондай-ақ шетел классик композиторларының шығармалары (ариялар, романстар, әндер) бар.

1957 жылдан кинофильмдерге («Жерге қайта оралу», «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән қанатында», «Тұлпардың ізімен», «Қыз Жібек», «Таудағы шынар», «Қызыл тас заставасы», «Гауһартас») түскен. Гастрольдік сапармен ТМД елдерінің көптеген қалаларында, шетелдерде (Польша, Монғолия, Румыния, Түркия, Греция, Сирия, Ливан, Египет т.б.) болды. Еңбек Кызыл Ту орденімен марапатталған.

Кәукен Кенжетаев 1959 жылы ҚазКСР-нің халық әртісі атанды. 1953 жылдан ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі.