Архив және музей ісі. Облыс өлкетанушылары

Бекболат Манапұлы Хазыров – тарихшы, өлкетанушы, жазушы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Ресей Федерациясы, Түмен облысы, Вагай ауданында туған. Алматы шекарашылар училищесін және Орджоникидзе қаласындағы командалық училищесін, Павлодар зооветеринарлық техникумын және КОКП ОК ЖПМ жанындағы курсты бітірген. 1944 жылдың ақпан айында майданға шақырылды. Жапониямен болған соғысқа және Балтық маңында ұлттық жасақтармен әскери іс – қимылдарға қатысқан. 1949 жылға дейін әскер қатарында болды. 1949 жылдан бастап Павлодарға қоныс аударды. 1950 – 1956 жж. Павлодар қалалық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, комсомол облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі, партия облыстық комитетінің жаттықтырушысы қызметтерінін атқарған. 1958 – 1986 жж. – Павлодар облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру – жаттықтыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін публицистикамен айналысты. Газеттерде, журналдарда, ұжымдық басылымдарда жарияланады. «Они защитили Ленинград», «Трудными дорогами войны», «Чтобы помнили», «Горький след жестокого времени», «Жить в согласии», «Ак мечеть», «Черный тюльпан», «В жизни всякое бывает...», «Путь достойный почитания», «Неразделимы судьбы Отчизны и ее сыновей и дочерей» кітаптарын жазды. Павлодар облысының «Боздақтар» естелік кітабының үш авторларының бірі. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Неразделимы судьбы Отчизны и ее сыновей и дочерей» атты кітабы жарық көрді.

ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Құрмет белгісімен», жиырмадан аса медальдармен марапатталған. Павлодар облысы әкімі грантының, шығармашылық зиялылар өкілдеріне берілетін Павлодар қаласы әкімінің сыйлығы, ҚР Журналисттер кеңесінің және үш рет облыстық филиалдың лауреаты болып табылады. Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.