Тілеукен Ахметұлы Еңсебаев - инженер-электрші, техникалық ғылымдардың кандидаты, доцент, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері (2002), С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры (2003), өлкетанушы. Тілеукен Ахметұлы 1947 жылы 13 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Карағанды қаласының Киров ауданында №20 орта мектебін бітіріп, кейін «Карагандауголь» тресінің ағаш өңдеу комбинатында столяр болып жұмыс істеді. 1970 жылы Қарағанды политехникалық институтының тау-кен электротехникалық факультетін, 1979 жылы аспирантураны бітірді. 1980 жылдың 24 желтоқсанында Ленинград қаласында Жалпыодақтық электрмашиналарын жасау ғылыми зерттеу институтының Кеңесінде «Алты фазалы турбогенератордағы бір мезгілдегі және бір ізді қысқа тұйықталуларды зерттеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атанды. 1970 – 1985 жылдары Қарағанды политехникалық институты «Өндірістік кәсіпорындарды электрлендіру» кафедрасында ассистент, кафедраның аға оқытушысы болды. 1985 жылы Павлодар индустриалдық институты энергетика факультетінің «Электр техникасы» кафедрасына доцент болып ауысты. ПИИ «Электр техникасы» кафедрасы таратылған соң, Қаз МТУ, С.Торайғыров атындағы ПМУ кафедраларында жұмыс істей бастады. Т.А.Еңсебаев энергетика факультетінде бірінші болып «Электр техникасы» және «Электр техникасының теориялық негіздері» пәндерінен дәрістерді мемлекеттік тілде оқи бастады. Энергетика бойынша орыс-қазақ түсіндірме сөздігінің авторы. Т.А.Еңсебаевтың ғылыми қызметі Павлодар Ертіс өңірінің тарихын зерттеумен, генеологистика, ономистика, қыпшақтанумен байланысты. Ол Павлодар облысының ру – тайпаларының шежірелерін жасаумен айналысты. С.Торайғыров атындағы ПМУ және Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи - өлкетану мұражайы ұйымдастырған тарихи-этнографиялық экспедицияларға қатысты. Т.А. Еңсебаев алты кітап, тарих, этнография, өлкетану тақырыптарына арналған 200-ден аса мақалалар, журналдар мен газеттер, ғылыми жинақтарға арналған 50 – ге жуық мақаланың авторы. Ол 20 оқу құралын, 20 ғылыми есеп жазған. Оның редакциялауымен 7 кітап пен мақалалар жинақтары жарық көрген. Ол әртүрлі жылдары «Дауа», «Ертіс дидары», «Руханият» газеттерінің, «Ученые записки ПГУ», «Өлкетану - Краеведение» журналарының редколлегияларының мүшесі болған. Жалпыодақтық қоғамның «Білім», «Еңбек Ері» медальдарымен марапатталған.