Ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Серік Имантайұлы Жақсыбаев 1934 жылы Павлодар облысы Павлодар ауданының Шақат ауылында дүниеге келді. Қазақ кен-тау институтын (1957 ж.), Харьков инженерлік – экономикалық институтын (1975 ж.) бітірді. 1957-1958 жж. - Қарағанды қаласындағы №31 шахтада тау-кен шебері; 1958-1959 жж. – Екібастұзда қосалқы өндіріс бөлімінде өндіріс меңгерушісі, СУ-1 тау – кен шебері; 1959-1969 жж. – тау – кен шебері, участкілік тау – кен нормалаушысы, еңбек және еңбекақы бөлімі басшысының орынбасары, ЕҒҰ зертханасының басшысы, «Иртышуголь» трестінің нормативтік – зерттеушілік зертханасының басшысы; 1969-1970 жж. – Екібастұз партия горкомының өндірістік – көлік бөлімінің меңгерушісі, 1970-1994 жж. - еңбек және еңбекақы бөлімі басшысы, бас экономист, «Богатырь» разрезі директорының экономикалық мәселелері бойынша орынбасары. 1994 ж. - Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженер-техника институтында экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі, кафедра профессоры. Серік Имантайұлына «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі берілді, медальдары бар.