Дмитрий Поликарпович Багаев 1884 жылы Вятская губерниясының Туманы ауылында дүниеге келді. Әкесі Поликарп Багаев Солтүстік Двинаның кемелерінде кемеші болып жұмыс жасады. Ауыр жұмыс денсаулығына зиян келтіріп, бала сегіз жаста болған кезде қайтыс болды. Жас Димаға ауылындағы барлық ер адамдар секілді кемеші болып жұмыс жасау бұйырған. Бірақ тағдыры басқаша шешілді, оның өмірі Павлодармен байланысты. Багаев біздің қалаға 15 жасында келіп, өмірін адамдар мен фотосуреттерге арнап осында қалды.
Павлодарда Дмитрийдің туған ағасы Назар тұрды. Ол әйгілі көпес Артемий Деровтың атшысы болып жұмыс жасады. Поликарптың ағасы қайтыс болғаннан кейін оның отбасына көмек көрсетіп, ақша жіберіп тұрды. Бір ретте Масленица мейрамы кезінде Назар Деров көпестің әйелін шанамен мейрамға апарған болатын. Аттар шудан үрейленіп, ызғытып, шананы аударып жіберді. Көпестің әйелі қарға құлады, ал Назарды үрейленген аттар шананың астымен көше бойы сүйреп әкетті. Назар Багаев алған жарақаттарынан сауыға алмады. Қайтыс болар алдында ол қожайынынан отбасын асырап – бағуы үшін жиені Диманы Павлодарға шақыртуын сұрады. Жас бала алдымен Деровтың тау – кен қоғамында таратушы болып, кейін хатшы болып жұмыс жасады. 1899 жылы приказчиктардың бірінде сол кездерде ғажайып болып саналған гармошка түріндегі қозғалмалы пластикалық объективі бар фотоаппаратты алғашқы рет көрді. Дмитрий Багаев бала кезінен бастап суретші болуды армандаған, бірақ фотограф болды. Ол фотосурет ісімен айналысуды қалап, приказчикті оған сабақ беруге көндірді.
1903 жылы Багаев Батыс Сібірдегі танымал фотографтар – ағайынды Коркиндерге хат жазып, өзінің суретерін қосып жіберді. Жақын арада оны Омбы қаласына оқуға шақырды. Сол жерде Дмитрий екі жыл бойы көмекші болып фотошеберханада жұмыс жасады. Жас шебердің кәсібилігі жоғары дәрежеде болды, тіпті ретушерлер оқушы мен оқытушысының жұмыстарын бір – бірінен ажырата алмады.
1905 жылы Багаев Павлодарда алғашқы фотосалонын ашты. Бастапқы уақытта үй жалдады, кейін 500 рубль төлеп оны сатып алды. Павлодар Ертіс өңірі ауылдарына саяхаттары кезінде ол қарапайым адамдардың өмірін бейнелейтін. Өз қызметін бастаған кезде Багаев өзінің басты міндетін анықтап алған болатын: «Фотосурет – ермек емес, фотосурет – бұл ғылым, өнер, уақыт куәгері» (оның күнделігінен алынған дәйексөз). Дегенмен, бұл жай ғана фотосуреттер емес. Дмитрий Поликарпович ғылыми – зерттеушілік жұмыспен айналысты. Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінің корреспондент мүшесі бола тұра, ол өңірдің барлық бұрыштарына барып қайтты. «Жизнь и быт казахского народа начала ХХ века» коллекциясы – бұл тарихтың бағасыз куәгері. Багаев қазақтардың күнделікті өмірін, рухын, дәстүрлерін, шексіз даланы және әсем табиғатты бейнеледі. Оның фотосуреттерінде тек тарих емес, уақытқа да объективті баға берілген. Дмитрий Поликарпович – бірегей адам. «По этапу», «Женщина у очага», «Меновое поле», «Кочуют», «Думы матери у колыбели», «Алтыбақан» атты Багаевтың фотожұмыстарын әлемдік фотосуреттің мирасы деп атайды.
Оның суреттерінде Павлодар Ертіс өңірінің маңызды тарихи оқиғалары бейнеленген - революция, аштық, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, тың жылдары. Оның портреттері, пейзаждары, халықтың тұрмысы мен репортажды сюжеттік суреттері бірдей дәрежеде жақсы шығатын. Багаев қаланың саяси өміріне белсене араласып, әлеуметтік – демократиялық үйірмеге қатысты. 1907 жылғы «По этапу» суреті – Павлодар шетіндегі қарулы жасақтың тұтқындарды әкетіп бара жатқандарын бейнеледі, бұл үшін Багаев өзінің бостандығымен тәуекел етті. Ол колоннаның артынан жүріп, уақыт ара фотоаппаратты тонынан шығарып суреттер жасады. Нәтижесінде «Рабочий казах из Экибастуза», «Женщины-крестьянки» фотосуреттерімен қатар бұл сурет «Советский Союз» журналында және орыс, ағылшын тілдеріндегі журналдарда басылып, бүкіл әлемді шарлады.
Ол дербес, жаяу және атқа мініп Павлодар аймағының барлық бұрыштарына барды және 50 жылдық өмірін түсірді. Жас кезінде суретші болуды армандаған Багаев өз – өзіне өте қатал шебер болды. Мүлтіксіздікке ұмтылысы оны үйінің қасына тек Қазақстанда ғана емес, Батыс Сібірде де танылған фотопавильон салуға итермеледі. Павильон светотехниканың барлық талаптарына сәйкес шыны төбе және шыны қабырғалардан салынды. Бүкіл қабырғаға созылған екі панноға, қызыл ағаштан жасалған жиһазға тапсырыс берді. Осының барлығы көптеген павлодарлықтардың отбасы альбомдарында және мұражайларда сақталып жүрген жоғары сапалы портрет – фотосуреттерін жасауға мүмкіндік берді. Фотопавильонның басты экспонаты - Багаев 1928 жылы Мәскеуде сатып алған «FOIGTLENDER & SOHN» австралиялық фирмасының бірегей фотокамерасы. Ол осы камераның көмегімен келесі жылдары павильонда суреттерін түсірді.
Өмірінің соңына дейін Дмитрий Поликарпович облыстың бас өлкетанушысы болды. 1942 жылы ол тарихи – өлкетану мұражайының негізін салып, басқарды. 1958 жылдың 23 шілдесінде туған өлкесінің фотожазбасын ұрпақтарына қалдырып қайтыс болды (Пахомов зиратында жерленген). Д.П.Багаевтың жұмыстары танымал және тек Қазақстанда ғана емес одан қашық жерлерде де танылған. Уақыт өте оның фотосурет мирасы одан да көп қызығушылықтарды тудыруда, танылуда.
Багаев мұражай үйі 2001 жылдың басында ашылды. Ол осында 1905 – 1958 жылдар аралығында өмір сүріп, жұмыс жасады. Оның алты баласы, сүзек эпидемиясы кезінде, кіші баласы екі жаста болғанда өмірден ерте кеткен Марина есімді әйелі болған. Тарих және архитектура ескерткіші ретінде танылған үйде үш экспозиция залы және қазіргі уақытта тарихи құндылық болып табылатын отбасылық альбомдарға арналып портреттер жасалған фотопавильон орналасқан. Дмитрий Багаев - XX ғасырдың бірінші жартыжылдығында Павлодар облысындағы өмірдің жылнамашысы.