Ақын - жыраулар
 

XIX ғасырдағы қазақ ақындық өнерінің өкілі, белгілі айтыс ақыны Сақау Мәукеұлы 1798 жылы қазіргі Баянауыл ауданы Майөзек ауылында туып, сол жерде қайтыс болған. Жас шағында музыкаға әуес болып, өлең шығарған, айтыстарға қатысып, өзінің тапқырлығымен танылған. Өмір тарихы аз зерттелген. Тек, атақты ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ҚР Ғылым Академиясы қолжазба қорында сақталған қолжазбаларында Сақау ақынның Баянауылда «жатақ жатып, саржан сатып күнін көрген» кедей екендігі туралы айтылады.

Ақынның бізге жеткені тоғыз өлең, бес айтыс. Ұлы ғалым М.Әуезов «Сақау мен Тоғжан» айтысын жоғары бағалаған. М.Ж.Көпеев «Сақау мен Тоғжан», «Жанақ пен Сақау» айтыстарын қағазға түсірген және осы айтыстарға түсініктемелер беріп отырған. Сақаудың айтыстары өткірлігімен, шынайлығымен бағалы. Кейбір шығармалары Шоңға, Торайғырға, Саржап Төреге арналған. Сонымен қатар, Сақау әділетсіздікті, үстемдікті қатты сынаған.

Сақаудың айтыстарын, өлеңдерін жинаушылар қатарыа Торайғыров Шәймерденді қосуға болады. Соның арқасында «Сақау мен Тәти», «Сақау мен Жәмшібай» айтыстары, «Сақаудың Садыққа айтқаны», «Кәдір-Көлбай еліне айтқаны», «Қазанғаптың асында айтқаны» және т.б. шығармалар жинағы Ғылым Академиясы қолжазба корында сақталған.

 

***

Сакау Маукеулы (1798-1875) // Баянаула. - Астана, 2001. - С. 211