Ақын - жыраулар

Салық (Мұхамедсалық) Әмірәмзеұлы 1860 жылы бұрынғы Семей облысы Семей уезіне қарасты Малыбай болысында (қазіргі Павлодар облысы, Лебяжі ауданы Малыбай ауылында) жылқышылар отбасында дүниеге келген.

Жасынан желіде бие сауғызып, құлын-тайды сылап-сипап өсірген жылқышы баласы ат айылын тартып, азамат болып, атқа мінгенінде де алғаш атқарған жұмысы жылқы бағу болыпты. Ол туралы ел аузында аңыз сақталған.

Ақын өлең айтуға құмар болып, домбырасын арқалап айдалада тыңдаушы елді іздеп жүретін болған. Ол тұста қазақ халқының мәдени өмірі аса төмен дәрежеде болды. Оқу өнері дамымай жатқан кез. Өз елінде кітап басу тиым еді. Кітаптар Қазан, Троцкі, Петербургтен ғана шағын-шағын данамен шығып отырған. «Түркістан уалаяты» (1870-1882), «Дала уалаяты» (1888-1902), «Қазақстан» газеттері (1911-1913), «Ай¬қап» журналы (1911-1915) басылымдарын ұйымдастырып, тарату мүмкіндігі болмаған.

Халық қараңғылықта болды. Араб жазуымен жазылған қолжазбалар кеңес заманында өртелініп, жойылды. Сондықтан бұндай ақындар өз заманына дүлдүл саналғанымен шығармалары қағазға түспей, сақталмай қалды.

Ақынның «Құсайын болыс» атты поэмасы табылған. Поэмада «Құсайын» бейнесі еш бояусыз шынды суреттелген. «Призваға» деп аталатын 1916 жылғы патша жарлығына байланысты қазақтан қара жұмысқа кісі алып іріктеуі, азаматтарды сарапқа салғаны туралы поэзия тілінде тұңғыш рет осы өлеңінде суреттелген. Ақын аса тапқыр, өткір ойлы суырып салма, төкпе ақын болғаны оның бата өлеңдерінен анық көрінеді.

Салық ақын 1923 жылы қайтыс болды. Оның өмірінің ақыры калай болғаны белгісіз. Ақынның шығармашылығы Лебяжі ауданына қарасты «Қарағай» еліне жақсы таныс. Олардың ішінде «Салық өлеңі еді», - деп жатқа айтушылар көп болыпты.